Ж. Есіркепов атындағы жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарихы
«Жұма» ауылдық кеңесінің «Шақпақтөбе» ауылында 1935 жылы «Шақпақтөбе» бастауыш мектебі ашылып, оның меңгерушісі Назарбеков Шынбосын болды. Мектеп 1938 жылы орталау (7 жылдық) мектепке айналып, директор қызметіне Сейітов тағайындалған. 1939 жылы ауыл басқа қонысқа көшіріледі де, орталау мектеп жабылады. Осы жылы көрші «Тесіктөбе» ауылындағы «Тесіктөбе» бастауыш мектебінің (меңгерушісі Амангелдиев) үйі кеңейтіліп, Молотов атындағы орталау (7 жылдық) мектеп ұйымдастырылады. Мектеп директоры қызметіне Алғазин бекітіледі. Бұл мектепке қашықтығы 7 - 8 шақырымнан «Майбұлақ» «Қызылбұлақ», «Қызылдихан», «Жігірген», «Шақпақтөбе», «Айнатас» ауылдарынан балалар жаяу қатынап оқиды. Алғашқы директоры Алғазин (1939 - 1942) Ұлы Отан соғысына шақырылып, елге қайта оралмаған. Одан кейінгі жылдарда: 1942 - 1943 ж.ж. Әуелбеков Құрманбек, 1943 - 1944 ж.ж.Тағаев Мамай, 1944 - 1948 ж. ж. Оразбаев Жорабек, 1948 - 1953 ж.ж. Шақшанбаев Мұрат, 1953 - 1957 ж.ж. Қосымов Нұралы деген ұстаздар мектеп директоры қызметін атқарады. 1957 жылы шаруашылық орталығы «Жігірген» елді мекеніндегі бастауыш мектеп үйі кеңейтіліп, Абай атындағы орталау (7 жылдық) мектеп ашылады да, Молотов атындағы орталау мектеп жабылады. Мектептің педагогикалық ұжымы Абай мектебіне ауыстырылып, орнында «Жігірген» бастауыш мектебі ұйымдастырылады. Бастауыш мектеп меңгерушісі 1957 - 1958 жылдары Сүлейменов Әлімхан, 1958 - 1987 жылдарда Дүйсембиев Әбдуәлі болып істеген. 1987 жылы мектепке Ж.Есіркепов аты берілді. Кейінгі жылдарда: Сүйеубеков Еркін, Жақсылықова Ұрқия, Құрбанова Құрбанкүл, Нұралиев Қуандық, Нұралиева Фатима, Рембаев Қайсар т.б. мұғалімдер қызмет атқарды. 1998 жылы мектеп Жұман Есіркепов атындағы сегізжылдық мектеп болып құрылады да, директор қызметіне Үсіпбаев Сүлеймен тағайындалады. 2002 жылы мектепке орта мектеп статусы беріледі. Мектепте 28 мұғалім 241 оқушыға дәріс береді. 2002 жылдан мектеп директоры қызметін Рахаев Нұрғали атқарады. 1939 - 1967 жылдарда мектепте Ахаев Жүсіпбек, Ахаева Гүлзина, Элима, Оспанов Ордабек, Рахаев Баймахан, Рахаева Мария, Нұралиев Сопбек, Сүлейменов Сапарбек, Жамашев Қазыбай, Жақсылықова Ұрқия сияқты мұғалімдер қызмет жасады.